Бизнес — новости в Казахстане

Асхат Садырбай: Мен — еріккеннен ажырасып, қайта үйленіп жүрген әйелқұмар адам емеспін

Елімізге танымал журналист әрі тележүргізуші Асхат Садырбай мен отандық жас әнші Төреғали Төреәлінің арасындағы «дау-дамай» соңғы уақыттарда желіде қызу талқыға түскен болатын. Оқырмандардың басым бөлігі «Ұлы дала баласының» ойланбай жазған сөздерін сынға алса, енді бірі оған қарсы пікір білдірді. Осы орайда, мәселенің мән-жайын анықтау үшін NUR.KZ порталының тілшісі Асхат Садырбайдың өзінен экскюзивті сұхбат алды.

Асхат Садырбай: Мен - еріккеннен ажырасып, қайта үйленіп жүрген әйелқұмар адам емеспін

Асхат Садырбай. Фото: жеке мұрағатынан

— Төреғали екеуіңіздің араларыңыздан қара мысық өткен секілді. Бұл жайттың біз білмейтін себептері бар ма? Толығырақ түсіндіріп өтсеңіз.

— Менің қатысуыммен өтетін «Түнгі студия» бағдарламасының аңдатпасын әріптестерім Instagram желісіне салған болатын. Ал мен ол уақытта Оңтүстік Қазақстан облысында өткен жастар форумында жүргем. Ол жерде байланыс нашар болды, яғни интернет өшіп тұрған. Сүйтіп маған таныстарым біртіндеп скриншот жібере бастады. Алғашында түсінген жоқпын. Кейін ашып қарасам, өздеріңіз көргендей, әнші Әйгерім Қалаубаеваның постына Төреғали әлгіндей пікір қалдырып кетіпті. Одан соң мен өз ойымды білдіріп, арнайы пост жарияладым. Оған Қайнар Алагөзов те барынша тырысып, Төреғалиді жақтап пікір жазыпты. Шыны керек, неге олай жазғандарын мен түсіне алмадым. Әзіл дейін десем, олармен күнде бас қосып, шәй ішіп, қауқылдасып жүрген ештеңем жоқ. Төреғалиді бетпе-бет көрмегеніме тіпті екі жылдан асып кетіпті.

Анығында, ол әлі танылмай тұрған кезінде мен жүргізетін «Жарайсың» бағдарламасына келіп, «Бол жанымда» деген әнімен шығаруды өтінген. Сонда қазақтың «болам» деп тұрған балаларына қолдау білдірейік деп бағдарламадан көрсеткенбіз. Одан кейін араласқан да жоқпыз. Ал Қайнар деген жігітті мүлде танымаймын да, өмірде де кездеспегем. Түсінуімше, ол Төреғалидің жақын досы болса керек. Не үшін пікір қалдырғандарын түсіндіріп, өзіме жекеге де шықпады. Бірақ, кейін сөзін қайтып алған адамдай комментарийлерін өшіріп тастапты.

Асхат Садырбай: Мен - еріккеннен ажырасып, қайта үйленіп жүрген әйелқұмар адам емеспін

Асхат Садырбай «Түнгі студия» бағдарламасында. Фото: жеке мұрағатынан

— Жігіттердің қызбалыққа салынып, сіздің тарапыңызға жағымсыз пікір қалдыруына «Хит Қазақстан» бағдарламасы төңірегінде болған азғантай «кикілжің» себеп болған шығар?

— Кикілжің болғанда… иә, оның біздің бағдарламада төмен балл жинап қалғаны рас. Оны біз желіге жарияладық. Жалғыз Төреғалиді емес, Қайрат Түнтеков, Бейбіт Көшқалиев секілді басқа әншілерді де шығардық. Өздеріңіз көргендей, кейіннен «Ninety one» тобы мен Төреғалиге берілген дауыс нәтижелерінің айырмасы көрсетілген суретті желіге жүктеп, жазба қалдырдым. Алайда, жанкүйерлер арасында пікірталас туындап, бір-бірін балағаттауға дейін барды. Сосын мен амалсыздан пікір алаңын да, жазбамды да өшірдім. Бұл жерде Төреғалидің ренжитіндей жөні болмады. Бар болғаны, рас ақпаратты елге көрсеттік.

— Өз сөзіңізде «қазақпын деп «показуха» жасамай, қазақ деген атқа лайық болайық» дедіңіз. Иә, оның да себебі бар. Өйткені, бүгін расымен де көзбояушылықтың арқасында «халықтың сүйікті әншісі» атанып кеткендер көп. Ондай өнер адамдары құрмет-қошеметке лайық па?

— Былай түсіндірейін. Мен бала күнімде көпшілікке танымал адамдарды үлгі тұтатынмын. «Қандай мықты кісілер, өз еңбектерімен осындай жетістікке жеткен, әңгімелері тыңдасаң бір әдемі ғой» деп ойлайтынмын. Бірақ есейіп, ақыл тоқтатып, осы журналистика саласына келген соң мен ол кісілермен жақын араластым. Олардың өмірдегі бет-бейнесін көрдім. Былайша айтқанда, «маскасыз» болмыстарын таныдым. Одан кейін көбісінен түңіле бастадым «Ожидание и реальность» дегендей болады ғой…

Мен білемін, біздің көп әншілер жасандылыққа бой алдырады. Тек сахнада әдемі сөйлеп, Instagram-да әдемі пост жазып, әдемі суретін қойып, ал өмірде өздерін қалай болса солай ұстайды. Олай болмайды әрине. Бірақ, бір нәрсені естен шығармау керек. Алланың таразысы тең. Ол адам бір жерде болмаса, бір жерде сүрінеді. «Публикаға ойнаймын» деген арам ойы бір күні бәрібір ашылады. Ондай жағдайларды біз бұған дейін де көріп жүрміз және көре береміз.

Асхат Садырбай: Мен - еріккеннен ажырасып, қайта үйленіп жүрген әйелқұмар адам емеспін

Асхат Садырбай әріптесі Кәмшат Жолдыбаевамен. Фото: жеке мұрағатынан

Мойындайық, біз, журналистер, соңғы жылдары әншілерді тым әспеттеп, көкке көтеріп жібердік. Мүмкін, мен немесе сіз өз мөлшеріңізді біліп, шектен шықпайтын шығарсыз. Алайда, «жұлдыздар» қауымын күнде жарқыратып шығара беретіндер бар. Соның буына семіріп қалған әншілер бар.

Мен біреудің масқарасын шығарып, бетіне басайын деген ұстанымда емеспін. Бірақ, адам сыйлағанның құлы болу керек. Және әр нәрсенің орны бар екенін естен шығармаған жөн. «Аузым бар екен, танымал екем, күшті екем» деген ұстанымнан аулақ болу керек. Мысалы, мен Қайрат Нұртасты атап айтар ем. Оның асып-тасқан кезі есіңізде ме? Мен өз басым ешқашан көрмегем. Оның тарапына қаншама сын-пікірлер, кекету мен мазақтаулар кетіп жатса да, ол ешкімді сынап-мінемеген. Әрқашан өзін мәдениетті ұстай біледі. Енді, әрине, бізде журналистермен дұрыс сөйлесе білетін, халықпен де жақсы қарым-қатынас орнатқан басқа да өнер иелері бар. Бірақ, көбінесе қателесетін жас әншілер. Менің ойымша, оның бәрі тәрбиеге байланысты. Өкінішке орай, халық біреудің баласын тәрбиелей алмайды.

Осы орайда айта кету керек. «Тәрбие туралы сен айтпай-ақ қойшы, өзіңе қарап ал, екі әйел алғансың» деген секілді пікірлерді көзім шалған. Мен — еріккеннен ажырасып, қайта үйленіп жүрген әйелқұмар адам емеспін. Маңдайға жазылатын тағдыр деген нәрсе бар.

Иә, мен үйлендім, балалы болдым. Кейін дәм-тұзымыз жараспай, біз бөлек кеттік. Одан соң мен не істеуім керек еді? Ажырасып кеттім деп өліп қалуым керек пе, әлде әрі қарай өмір сүрмеуім керек пе? Мен қайтадан үйлендім. Өйткені, ұрпақ сүйіп, ата-анама келін сыйлағым келді. Бұл жағдай жалғыз менің емес, мыңдаған адамның басында болып жатыр. Сондықтан, «тәрбие» туралы сөз болғанда жаңағыдай сөздер айтудың қажеті жоқ.

Пропустить рекламу: 5 секПерейти на сайт рекламодателяРеклама 00ПропуститьНаведите курсор,
чтобы включить звук

Асхат Садырбай: Мен - еріккеннен ажырасып, қайта үйленіп жүрген әйелқұмар адам емеспін

Асхат Садырбай. Фото: жеке мұрағатынан

— Байқаған боларсыз, қазіргі телевидение саласын шоу-бизнес өкілдері түгелдей жаулап алған. Кезінде жұлдыздар қатысуынсыз-ақ халықтың ықыласына бөленген бағдарламалар көп еді. Ал қазір қай арнаны қосып қарасаңыз да, жылтырақ дүниені көресіз. Неге?

— Бүгінде Instagram Facebook секілді әлеуметтік желілер біздің өмірімізге араласып кетті. Ал, ол жерде ең көп оқырманы бар кімдер? Жұлдыздар. Мұның өзі ненің дәлелі? Батыс елдерінде бұрын бастау алған үрдіс бізге де келді. Бір кездері ақын-жазушылардың дәуірі болған. Қазір әншілердің дәуірі. Өйткені қазір халыққа солардың ішкен-жегені, жүріп-тұрғаны қызық. Әр нәрсенің өз уақыты бар екенін ескерсек, қарапайым бұқара бұдан да жалығады. Бұл — өтпелі кезең деп ойлаймын. Ал телеарналар рейтингке мұқтаж болғаннан кейін көрерменге өнер адамдарын көбірек көрсетуге мәжбүр.

— Кәсіби журналистер мен тележүргізушілердің нанын тартып жеп жүрген әншілер бар. Тіпті бағдарлама тізгінін ұстау қолынан келмейтіндері де жүр. Оларды неге бұл жолдан аластатпайды?

— Бұл да жаңа мен атап өткен мәселенің салдары. Қазіргі сән, тренд осы болып тұр. Қарапайым халық әншілерді көргісі келеді. Бірақ, байқасаңыз, жұрт та ақырындап тоя бастады. Фейсбукты бақылап отырсаңыз, кейбір әншілер жүргізген бағдарламалар қатты сынға алынып, жұлдыздар біртіндеп телеарна бетінен түсіп жатыр. Яғни, басында қызық болғанмен, кейін халық олардан көп нәрсені күтуге болмайтынын түсінді. Менің ойымша, егер адам өз абыройын түсіргісі келмесе, қолынан келмейтін іске ұмтылмау керек.

Әншілер пиар, жарнама үшін, көпшіліктің есінде қалу үшін сондай қадамға баратын шығар. Бірақ, әр нәрсенің екінші жағы бар. Оның ар жағында сенің абыройың тұрады. Жүргізушілік деген оңай нәрсе емес. Олар ойлайтын шығар, «шығасың, қолыңдағыны оқып бересің» деп. Жоқ, бұл жерге бәрібір кәсіби шеберлік керек.

«Ұлттық арна» осы мәселеге бірінші болып көңіл бөле бастады. Қазір аталмыш телеарнаға журналистиканың иісі мұрнына барып қана қоймай, шемішкедей шаға алатын әккі журналистерді шақырып жатыр. Мысалы, Төлен Әбдіктің ұлы жүргізетін «Парасат майданы» бағдарламасы бар. Сол секілді дүниелерді көбейтіп келеді. Өкінішке орай, тек «Қазақстан» арнасы ғана мұны қолға алды. Басқалары ден қоймады.

Асхат Садырбай: Мен - еріккеннен ажырасып, қайта үйленіп жүрген әйелқұмар адам емеспін

Асхат Садырбай түсірілім алаңында. Фото: жеке мұрағатынан

— Жасыратыны жоқ, қазір танымал адамдар арасында тоқал алу да сәнге айналды. Олардың бірі жасырады, бірі ашықтан ашық көрсетеді. Енді бірі қанша жерден жасырғысы келсе де, көрініп қалып жатыр. Бұл трендті қалай тоқтатуға болады?

— Тоқал алу деген — сонау ата-бабаларымыздың заманынан бері келе жатқан нәрсе. 90 жылдары кішкене жағдай қиын болған кезде аздап саябырсыған болар. Бірақ, мен сізге айтайын, 2000 жылдан бері тоқал алған әншілер көп. Олардың бәрін жұрт біле бермейді. Өйткені ол кезде интернет, әлеуметтік желі деген болмады. Ал неге біз бұл тақырыпқа көп назар аударып, шулап кеттік дейтін болсақ, жаңағылардың арасында танымал әншілер де кездеседі. Миллиондаған адам оларды бақылап отырғандықтан бұл бір сондай «қорқынышты» көрінді бізге. Ал, негізі тоқал алуды ешкім тоқтатпаған. Бұрыннан бар және солай жалғаса бермек.

Бұл — әлеуметтік мәселе. Біреу тойып, біреу тоңып секіреді. Мен кімнің не үшін тоқал алып жатқанын білмеймін. Біреуі демографияға үлес қосқысы келіп алатын шығар. Екіншісі жағдайы асып-тасқананнан тоқалға әуес болатын шығар. Үшіншісі бойдақ қыздардың санын азайтқысы келетін шығар. Не болса да, әркімнің ойы өз ішінде. Басқалар үшін жауап беруге болмайды. Бірақ, айта кетейін, кім қандай ниетпен тоқал алса да, ол өзінің бірінші яғни негізгі жанұясына кері әсерін тигізбеу керек. Ажырасып барып үйленсе, ол мүлде бөлек әңгіме. Себебі ол екі жақтың келісімімен болады. Ал, отбасын тастап кетіп жатқандарды мен мүлде түсіне алмаймын.

— Жанұя тақырыбын қозғадық. Қазіргі отбасылық өміріңіз туралы айтып берсеңіз…

— Былтыр жол апатына түскеннен соң екі күннен кейін ұлым дүниеге келді. Оңай болған жоқ әрине. Апаттың салдарынан түрлі ауруларға жолығып, қиын күндерді бастан кешірдім. Қатты ауырып, орнымнан тұра алмай жатқан кездерім болды. Үш ай төсекке таңылып, одан соң балдақпен жүрдім. Кейін таяққа сүйендім. Ондай жағдайлар да өтті. Қазір шүкір Аллаға, ұлым бір жастан асып қалды. Әйелімнің мамандығы — логист. Бірақ қазір бала күтімімен айналысып, үйде отыр. Ол маған тұрмысқа шықпас бұрын арадағы мәселелердің басын ашып алдық. Ол менің бұрынғы өмірімді жақсы біледі. Және бәріне түсіністікпен қарайды. Ұзақ уақыт үйде болмай, түсірілімдерде жүрген кезімде де арада жанжал болмаған.

— Бір өліп, бір тірілдіңіз. Өмір мен өлім арасында арпалысып жатқан сәтте не ойладыңыз?

— Мен мінген көлік, анығында такси 75 метрге дейін аунап кеткенде, ішінде отырған жолаушылардың бәрі қайтыс болып, мен ғана аман қалыппын. Екі күннен кейін есімді жидым. Басымнан қатты соққы алыппын. Бірақ, мен бұл оқиғаны ауыр қабылдадым деп айта алмаймын. Депрессия, стресс деген болмады. Сынақ екенін түсіндім, әрине. Бәлкім, бұған дейін ол нәрсеге дайын болған шығармын.

Менің рухани әлеммен байланысым бар. Яғни, күнделікті тәубеме келіп, өткен-кеткенді саралап, ой елегінен өткізіп отырамын. Бүгінмен ғана өмір сүріп, күліп-ойнап, бірдеңе бола қалғанда қапаланып отырмаймын. Өйткені, өмірдің қысқа және уақытша екенін еш уақытта естен шығарған емеспін. Сол себепті бұл жағдайды жеңіл қабылдаған болармын.

Асхат Садырбай: Мен - еріккеннен ажырасып, қайта үйленіп жүрген әйелқұмар адам емеспін

Асхат Садырбай. Фото: жеке мұрағатынан

— Біздің білуімізше, бүгінде сіздің жеке мектебіңіз бар. Сондай-ақ, сіздің әріптестеріңіздің арасында да білім ордасын ашып алғандар жетерлік. Бұл нәпақа табудың жаңа жолы ма? Әлде…

— Басқалардың не оймен мектеп ашқандарын білмеймін. Ал менің мектеп ашудағы мақсатыма келер болсақ: Өзім журналистка саласында жүргендіктен, маған көп жастар жұмыс істеуге келеді. Мысалы, бір тележоба дайындау үшін 30-40 адам жинайсың. Бірақ, көбісі мәтін жаза алмайды, идеясын қағазға түсіру үшін қиналады, бағдарламаны монтаждау қолдарынан келмейді, сюжет түсіруді білмейді. «Сонда сендер журфакта оқығанда не үйрендіңідер» десем, тек қағаз жүзінде практикадан өткендерін айтады. Осындай мәселеге көп тап бола берген соң, «5-10 адамды болса да үйретейін» деген оймен мектеп аштым. Бағасы да қымбат емес. Әр аймаққа байланысты өзгеріп тұрады. Мысалы, Алматының жастарына 15-20 мың теңге көлемінде.

Мен оларға «осы ақшаны рестораннан тамақ ішуге құртқанша, білім алыңдар» деп айтамын. Білгенімді үйретемін, әрі қарай алып кету өз қолдарында. Біреуден жұлдыз жасап шығаратындай Құдай емеспін. Жәй ғана жақсы маман шығуына үлес қосқым келеді.

Ал, енді мұны бизнес деп ойлайтындарға айтарым, бұл жерден пайда табу екіталай. Егер, жұрттан ақша жинауды ойласам, бағасын 100 мың теңге деп қойып, өзім байлыққа кенеліп отырар ем.

— Белгілі журналист Дина Төлепберген «журналист болам деген жастарға төрт жылдық білімнен гөрі екі айлық курстар тиімді» деп мәселе көтерген болатын. Тіпті журналистика факультетінің мүлде қажеті жоқ деген әңгімелер шығып кетті. Сіздің көзқарасыңыз қандай?

— Пайдасы жоқ деп факультеттерді жаба берсек, жақсы маманды кім дайындап шығады? Керісінше, біз оны күшейтуіміз керек. Ұстаздармен қоса бағдарламаны да ауыстыру қажет. Журналистика саласында қолданылып келе жатқан программалар тозды. Медиа әлемі күнде жаңарып, өзгеріп отырады. Сондықтан қазіргі таңда танымал журналистер мен медиа тұлғалар жастарға сабақ беру керек.

— Әріптесіңіз Ләйлә Сұлтанқызы халық арасында сұранысқа ие болған кітабын жарыққа шығарды. Тағы басқа да белгілі адамдар кітап жазумен айнасып кетті. Тәжірибелі журналист ретінде студенттерге нұсқаулық болатындай кітап шығару ойыңызда бар ма?

— Иә, мен интернет-журналистика және заманауи тележурналистика жайында жазғым келді. Ол — «мен журналистикаға қалай келдім, кіммен суретке түстім, кіммен араластым, қандай әдемі жерлерге бардым» деген автобиографиялық кітап емес, кәдімгі оқу құралы. Сондай методикалық дүние жазғым келді. Оған уақыт керек екен. Ол үшін мен екі-үш ай жұмыстан бас тартып, ізденуім керек. Егер алдағы уақытта қаржы тауып, жұмыстан босап жатсам, мен міндетті түрде ол кітапты жазып шығарамын.

Асхат Садырбай: Мен - еріккеннен ажырасып, қайта үйленіп жүрген әйелқұмар адам емеспін

Асхат Садырбай жастармен кездесуде. Фото: жеке мұрағатынан

— Өз жазбаңызда «Менің қандай екенімді бәрі біледі» дедіңіз. Халық қандай Асхатты таниды?

— Енді менің халықтың арасында жүргеніме қанша жыл болды. 2004 жылдан бастап «Қазақстан-Шымкент» телеарнасынан қызметімді бастадым. Күн сайын эфирге шығып келе жатқан адаммын. Халықпен әрдайым байланыстамын. Әлеуметтік желілерде ойларымды ашық жеткіземін. Пікірлеріне үнемі жауап беріп отырамын. Яғни, менің болмысым , жеке өмірлік ұстанымым қандай екенін, тіпті, жеке өмірімде не болып жатқанын халық менен артық біледі десем болады. Менің жұрттан жасыратын ештеңем жоқ.

Жан-жағыма ғана емес, өзіме де қатты сынмен қарайтын адаммын. Өзімді мүлде мойындамаймын, өзім жүргізген бағдарламалар көңілімнен шықпайды. Мен мүмкін өзімді қатты жақсы көрмейтін шығармын. Ал өзімнің тарапыма айтылған сынды дұрыс қабылдаймын. 

— Өнер саласы — тұнып тұрған бәсеке. Ал, бәсеке бар жерде достықтың болуы екіталай. Сіз жүрген ортада шынайы дос бар ма?

— Қазір жасым отыздан асса да, түрлі сәттерді бастан кешірдім. Үлкен жетістікке жеткен кездерім де, қиналған кездерім де болды. Сондай кездері бірде бар, бірде жоқ боп жылтыңдап жүретін «көлеңке достардың» болатынын мен үлкен өмірге дайындық барысында түсініп қойғам. Сондықтан ондай дүниелерге еш қапаланған емеспін. Құдайға шүкір, шын достарым бар. Олар менің жанымда бұрыннан келе жатыр. Сен танымал болған кезде танысып, артынан қашып кететіндер де бар.

— Дұшпандарыңыз бар деп есептейсіз бе?

— Бар болса бар шығар. Менің олармен шаруам жоқ. Қайта дұшпандарыңның бар болғаны дұрыс та шығар. Өмір сонысымен қызық қой… Шыңдаласың, өзіңді-өзің қамшылайсың дегендей.

— Адам есейе келе өзгереді деп жатамыз. Бала Асхат пен қазіргі Асхаттың айырмашылығы бар ма?

— Бар. Мен негізі аңғал, сенгіш адаммын. Бала кезімде тіпті сенгіш болғам. Адамдардың бәрін дос көретінмін. Ал, қазір олай емес екенін түсініп жатырмын.

— Тәрбие туралы жиі айтасыз. Өзіңізді қандай әкемін деп ойлайсыз?

— Бұл сұрақтың жауабын адам өмірден өтіп кеткеннен кейін де білу қиын шығар. Өйткені адам баладан бұрын өз-өзін де өлгенше тәрбиелеп кетеді. Ал, балаға берілетін тәрбиенің шегі де, уақыт мөлшері де жоқ. Бірақ, мен «көп нәрсе анаға байланысты» деп айтар едім. Олай дейтін себебім, еркек — түздің адамы. Көбіне, отбасының қамын ойлап сыртта жүреді. Менің өзім анамның тәрбиесін көбірек алып өстім. Әкем жұмыста болды. Бірақ, айтатын жерінде айтып, ұрсатын жерінде ұрысып алатын. Қазір де мен ұзақ уақыт басқа қалаларда жүремін. Бірақ, жақсылап көңіл бөлуге барынша тырысып жүрмін.

Асхат Садырбай: Мен - еріккеннен ажырасып, қайта үйленіп жүрген әйелқұмар адам емеспін

Асхат Садырбай. Фото: жеке мұрағатынан

— «Ерке Есмахан Төреғалимен дуэт айтқан соң Асхат қызғанып қалған» деген пікірді көзіміз шалды. Бұған не дейсіз?

— Жоқ, менің ода нем бар? Ерке басқа да әншілермен дуэт айтып жүр ғой. Тәуекел Мүсіліммен бағдарлама жүргізді, мысалы. Ол жәй арандатумен айналысатын адамдардың пікірі деп ойлаймын. Көбісінің парақшасына кірсеңіз, олардың жалған екенін түсінесіз.

— Асхат Садырбай деген есімді естігенде түрлі қауесетке еріп, алып-қашпа әңгіме айтатындар бар. Әсіресе, сіздің Еркемен ажырасып кеткеніңізді тілге тиек етеді. Өзіңіз туралы айтылып жатқан сөздер қаншалықты әсер етеді?

— Мен алғашында ауыр қабылдайтынмын. Қазір, бірақ, маған бәрібір. Өмір өтіп жатыр. «Анау бүйтіп айтты, мынау сүйтіп айтты» деп қайғырып отырсам, өмір сүре алмаймын. Ал, мен бала-шағамды асырауым керек. Маған ол пікірлер көк тиын.

— Салмақты сұхбатыңыз үшін рақмет!

Источник